ҚМДБ Ұлытау облысы өкілдігінің ұйымдастыруымен РАНТ мүшесі, "Балаби қари" құран жаттау орталығының директоры Арман Қуанышбаев ұстаз Жезқазған жерінде бірнеше іс-шараға қатысты.

Жезқазған төріндегі шараның басы жергілікті ардагерлермен кездесуден басталды. "Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінің бірінде: «Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетпеген – бізден емес», – деген. Дана халқымыз үлкенге қарап бой түзеген. Алдыңғы буыннан үлгі ала отырып, соларға ұқсап бағуға тырысқан. Әлі күнге осы ізет-иба ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, алдымен үлкендерге жол беріп, батасын алуға тырысып келеміз" деді білікті ұстаз.

Кейінгі кездесу Ұлытау облыстық "Ахмет ишан Оразайұлы" мешітінің жамағатымен өтті. Алдымен әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен насихат ұйымдастырылып, "отбасы мәселелерінде" біршама өзекті сұрақтарға жауап қайырылды. Ал ақшам намазынан соң ерлерге "мешіт - рухани мектеп" тақырыбында уағыз айтылды.